Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

15 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылдың 15 шілде 2019 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 15 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

Бүкіләлемдік жастар дағдылары күні

Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен. 2014 жылы 18 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы № A/RES/69/145 қарарын қабылдады. Бұл құжат бойынша елдердің үкіметтеріне өмір сүрудің экономикалық жағдайына, жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасына назар аударуға ұсыныс беріледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Румыния арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

1997 жылы «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

1999 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Талғар қаласын аудандық маңыздағы қалалар санатына енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.
1999 жылы Третьяков галереясында (Мәскеу) қазақстандық суретші, Сальвадор Дали атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Ерболат Төлепбаевтың жеке көрмесі болып өтті.

2010 жылы Павлодар ауданы Григорьевка ауылының музейі жаңа экспонатпен толықты. Балықшылар Ертіс өзенінен ежелде өмір сүрген мамонттың бір метрден асатын азуын тауып алды. Қазақстандағы үздік мектеп музейі деп танылған музейде Қазақ даласын мекендеген ежелгі жануарлардың сүйектері бар. Осыдан елу жылдай бұрын Ертіс өзені осы ауылдың жанынан ағып өтетін тұсындағы арнасын өзгерткен болатын. Содан бері археологтар осы маңнан ежелгі жануарлардың сүйектерін тауып жүр.

2010 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Шелл Казахстан Девелопмент Б.В.» компаниясы Солтүстік-Каспий жобасы аясында акционерлер келісіміне қол қойды. Оған сәйкес, «ҚМГ» «Шелл» компаниясымен теңдей шарттар негізінде NC Production Operations Company B.V. (NCPOC) компаниясына кірді.

2014 жылы Арқалық педагогикалық институтының профессоры Әбілхан Үмбетов физика саласындағы өнертабыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін Ресей табиғаттану академиясының Нобель алтын медалін алды. Медаль «Лазерлі өлшеу құралы» ғылыми-зерттеу жұмысына берілді.

2018 жылы Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрдәулет Таумергенов «Yakutsk International Science Fair» атты оқушылар арасында өткен Халықаралық ғылыми-конференция байқауында гран-при жеңіп алды. Оқушы ыммен жеткізілген сөздерді GloveSpeaker қолғабы арқылы ауызекі сөйлеу тіліне аударуға арналған жобаны таныстырды. Оның ойлап тапқан туындысы мылқау адамдармен қиындықсыз түсінісуге мүмкіндік береді. Сингапур ұлттық университетінің профессоры, Халықаралық зияткерлік ойындардың бағдарламалық комитеті төрағасы Леон Чуан Квек және «Майтона» компаниясының президенті Александра Баишева жеңімпазға 5 мың АҚШ долларының арнайы сертификатын табыс етті.

2018 жылы Калатура қаласында (Шри-Ланка) 7-17 жастағы мектеп оқушылары арасында шахматтан 14-ші Азия чемпионаты өтті. Оған әлемнің 16 елінен 400-ден астам жас дарын иелері қатысты. Онда тоғыз жасар атыраулық Зарина Нұрғалиева рапид және блиц бойынша алтын медаль иеленді.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай