Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 371.86
EUR 433.33
RUB 5.46
CNY 54.13

14 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

2018 жылдың 14 тамыз 2018 08:32 523

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 14 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

14 тамыз, СЕЙСЕНБІ

Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1947)

Осыдан 71 жыл бұрын Үнді субқұрлығындағы мұсылмандар ұзаққа созылған, бірақ, бейбіт күрестің нәтижесінде өз мемлекетін құрып, тәуелсіздігіне қол жеткізген болатын. Каид-е-Азам Мұхаммад Әли Джин бастаған мұсылмандардың басты мақсаты Британияның езгісінен құтылу ғана емес, дербес, тәуелсіз мемлекет құру еді.

Пәкістан - Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстік, солтүстік-шығысында Ауғанстанмен, солтүстік-шығыс, шығыс және оңтүстік-шығысында Үндістанмен, батысында Иранмен, оңтүстігінде Араб теңізімен шектеседі. Пәкістан Үндістанмен арада жатқан Джамму және Кашмир аумақтары үшін дауласуда. Астанасы - Исламабад қаласы. Ресми тілі - урду тілі, сонымен қатар пушту, синдхи, сараики, балох, ағылшын тілдері де қолданылады. Ақша бірлігі - пәкістандық рупий.

Қазақстан Республикасы мен Пәкістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.

Португалдық корриданың туған күні

Жыл сайын Абиул қаласында ежелгі ұлттық дәстүр бойынша өтеді. 2014 жылы мамыр айында 35 жыл тоқтаусыз өткізіліп келген бұл дәстүрлі ойынға қайғылы оқиғадан кейін тыйым салынды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1844 жылы Кенесары ханның жасағы жорық барысында Екатеринск бекінісін жаулап алды.

1991 жылы Ташкентте Орталық Азия республикаларының - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері кездесті. Оның қорытындылары бойынша өңірдегі жағдайдың нашарлауы, халық шаруашылығының барлық саласындағы дағдарыс, әлеуметтік жағдай мен ұлтаралық қатынастардың шиеленісуі бойынша коммюнике қабылданды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Гана Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды. Гана - Қазақстанның Батыс Африкадағы маңызды серіктесі, ҚР үкіметі екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға күш салып келеді.

2003 жылы тамыздың 14-17 аралығында Мәскеудегі Бүкілресейлік көрме орталығында Қазақстанның ұлттық көрмесі болып өтті. Ұлттық көрмеге Қазақстанның әр аумағынан келген 200-ге тарта фирма мен компания қатысты.

2005 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз астанасындағы Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашты.

Елбасы Қырғызстанда Қазақстан Республикасының елшілігін ашу туралы Жарлыққа 1993 жылғы 9 қаңтарда қол қойған болатын.

2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы» Жарлыққа қол қойды.

2007 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы О.Мәлібаев атындағы ауылы мектебінің алдында қызмет атқару кезінде қаза болған, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевқа арналған ескерткіш орнатылды. Оның есімі ауылдың бір көшесіне берілді.

Талғат Қозыбаев 1978 жылы дүниеге келген, 2003 жылы Тартоғай ауылының полиция учаскелік инспекторының қызметін атқарған. Қызметін атқару кезінде, бұзақылардан жас ауылдасын қорғап қаламын деп өзі қаза болды. Сол жылдың желтоқсан айында полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

2009 жылы Үндістанның Дж. Неру атындағы университетінде қоғамдық, аналитикалық және студенттік ортаның және жергілікті БАҚ-тың қатысуымен «Заманауи Қазақстан: алға бағытталған жол» атты кітаптың тұсау кесу рәсімі болып өтті.

Кітапта Қазақстанның жетекші сарапшыларының еліміздегі әлеуметтік-саяси және экономикалық процестер туралы мақалалары және Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарының дамуы жөнінде жазылған. Бұл кітап 2009 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға жасаған мемлекеттік сапарына орайластырылған.

2013 жылы Астанада «ЭКСПО-2017» көрме кешені мен 2017 жылы Астананың бас символына айналатын нысанның үздік эскиз идеясы сәулет байқауы жұмыстарының көрмесі ашылды.

2016 жылы балалар арасында өткізілген «Жаңа толқын» байқауында Қазақстан атынан қатысқан 11 жасар Жанел Сәдуақас үздік үштікке кірді және оған конкурс тарихындағы ең үлкен фан-клуб үшін арнайы жүлде берілді. Конкурсқа әлемнің 11 елінен, соның ішінде, Ресей, Армения, Латвия, Мальта, Қазақстан, Қырғызстан, Корея, Румыния елдерінен 8-12 жас аралығындағы 15 бала қатысты.

2016 жылы Сарыарқа археология институты археологиялық экспедициясының қызметкерлері Қарағанды маңынан Беғазы-Дәндібай мәдениетіне (б.з.б. 15-10 ғғ.) тән ғажайып баспалдақты кесенені тапты. Алып қорымның сыртқы пішіні Джосер перғауынның пирамидасын еске салады. Ескерткіштің құрылысына қарағанда, ол үш мың жыл бұрын салынған. Одан алынған материалдар мен құнды бұйымдардың барлығы Қарағанды университетінің Археология музейіне берілді.

2017 жылы Қытайлық студенттер «Аққұс» атты қазақша мультфильм түсірді. «Аққұс» мультфильмін Қытай коммуникация университетінің (Communication University of China) түлектері дипломдық жұмыстарына түсірген. Сценарий авторы - Го Зыхао есімді қытай студенті. Мультипликациялық фильмді қазақ тіліне аудару және кейіпкерлерді дыбыстау мәселесінде студенттер Шыңжаңның қазақтар мекендеп отырған Алтай қаласы телеканалының көмегіне жүгінген.

Мультфильм 14 минутқа созылады. Онда Аққұс атты қалада өсіп, тағдырдың жазуымен кішкентайынан анасы мен әкесінің аялы алақанын бірдей сезінбеген қазақ қызының анасы дүниеден озғаннан кейін, жайлауға келіп, бала кезінен бірге тұрмаған әкесімен қарым-қатынас орнатуы баяндалады. Жайлаудағы өмір мен ондағы кейіпкерлер арқылы қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіледі. 

2017 жылы Астанада «ЭКСПО-2017» Бүкіләлемдік халықаралық көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында алғаш рет Еуразия музыка ойындары өтті.

Концертке Қазақстан, Ресей, Армения, Венгрия, Германия, Норвегия, Корея елдерінен музыканттар қатысты.

1908 жылы Ұлыбританияның Фолкстон қаласында бірінші халықаралық сұлулық байқауы өтті.

 

 

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай