Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 379.59
EUR 429.43
RUB 5.91
CNY 56.58

130 шақырымдық аламан: Тарпаң мәреге 6 сағат 38 минутта жетті

2019 жылдың 10 наурыз 2019 16:06 6790

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданында өтіп жатқан 130 шақырымдық аламан бәйге аяқталуға жақын. Жүлдегер жеті ат мәре сызығын кесіп үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таңда басталған аламан түс ауа қыза түскен. Үкілеп әкелген 33 аттың барлығы мәреге жетпейтіні  орта жолда белгілі болған. Бір ат аяғын інге тығып алса, бірінің сырғасы тайып, бірнеше ат жарысты ерте аяқтады.  Дегенмен, әзірге ешбір ат  болдырып немесе зорығып құлаған жоқ.

Жылдамдықтан гөрі төзімділік сынға түскен бәйгеде алдыңғы үш орынды Катонқарағай ауданының үш аты иемденіп кетті. Үш аттың иелері бөлек адамдар екенін айта кету керек. Мәре сызығын бірінші болып кескен -  Ерболат Тоқсановтың «Тарпаң» атты тұлпары.

Аттардың таңғы сағат 7.47-де жарысқа шыққанынын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. «Тарпаң»  130 шақырымды 6 сағат 38 минутта жүріп өтіп, иесіне 1 млн теңгенің жүлдесін сыйлады.

Жүлделі төртінші орынды Аягөз ауданының күлігі иеленсе, 5,6,7 -орындардың жүлдесін Зайсан ауданының арғымақтары алды.

«Бұл ат бұрын-соңды бәйгеге түспеген. Жылқы ішінде бос жүрген мал еді. Әкесі жағынан да, шешесі жағынан да жартылай асыл тұқымды деуге болады. Шабандозы - Сергей Рыбин деген жұмысшым. 15 жасынан бері менің жанымда мал бағып, ат баптап келеді. Қазір жасы 28-де. Осы «Тарпаңды» бәйгеге дайындаған да өзі. Таңдауы теріс болмаған сияқты. Атымыз мәреге аман жеткеніне қуаныштымыз», - дейді ат иесі Ерболат Тоқсанов.



null 

 

 

Жоғары қарай