Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

11 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылдың 11 тамыз 2019 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 11 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Құрбан айт мерекесі

Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Құрбан айт - әлемдегі мұсылман қауымның ең қасиетті мерекесі. Құрбан сөзі - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар сойылады.

Құрбан айт мерекесінің бірінші күні Қазақстанда демалыс күні болып жарияланған.

Қазақстанда құрылысшылар күні

Әр жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде осы кәсіп иелері мерекелеп келеді. ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысымен бекітілген.

Құрылысшылар күнін қазақстандықтармен бірге Армения, Беларусь, Ресей, Украина, Қырғызстан да атап өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Жидебай қорығында салынған Абай мен Шәкәрім күмбездері мемориалының ашылу салтанаты болды.

2009 жылы БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Ядролық қаруға жол жоқ» атты қазақ-жапон көрмесінің салтанатты ашылуы болды.
Қазақстан мен Жапонияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктері көрмені ядролық қарусыздану жөніндегі шаралардың аясында және келесі жылы өтетін Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қатысушы елдердің Шолу конференциясы қарсаңында өткізіп отыр. Семей сынақ алаңындағы ядролық сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығы мен Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының құрылуына арналған.
Көрме жұмысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы және Орталық мемлекеттік мұрағат мағлұматтары қолданылған.
Көрмені ұйымдастыруға Семей, Хиросима және Нагасаки қалаларының әкімшіліктері, Сәулеге ұшырағандардың денсаулығы мәселелері жөніндегі Хиросима Халықаралық кеңесі, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Орталық мемлекеттік мұрағаты қатысты.

Көрменің ашылу салтанатына БҰҰ-ға мүше елдердің, БҰҰ Хатшылығының, АҚШ-тың қоғамдық-саяси және іскер топтарының өкілдері, қазақстандық диаспора мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

2010 жылы Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаһандық қауымдастықты радикалды жаңарту стратегиясы мен өркениеттердің серіктестігі» кітабын араб тіліне аударып, басып шығарды.

2011 жылы 1931-1934 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов тұрған Мәскеу орталығындағы Покров саяжолы бойынша №14 үйдің алдыңғы бетінде оның құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.

Мемориалдық тақтаны орнату туралы келісімді ҚР Елшілігі және Мәскеу билігі 2010 жылы жасаған, кейін бұл идеяны Мәскеу қаласындағы көрнекті оқиғалар мен отандық тарих және мәдениет қайраткерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру комиссиясы қолдады.

2012 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 20 жыл толуына орай ШҚ қызметкерлері Нұрсұлтан шыңына шығып, басына ҚР ҰҚК Шекара қызметінің туын тікті. Әрі болашақ ұрпаққа арнап елдің патриоты болуға шақырған хаты бар капсуланы қадады.

Нұрсұлтан шыңы (4 376 м) Іле Алатауының Тұйықсу ауданынан бой көтерген. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталады.

2016 жылы Астана қаласында Қошқарбаев көшесі мен Момышұлы даңғылы қиылысында Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың қола мүсіні орнатылды.

2016 жылы Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы кентінде жаңа инфрадыбысты станция іске қосылды. Ол әлемдегі полигондарда заңсыз жүргізіліп жатқан ядролық сынақтарды тіркеп отырады. Қазақстанда жаңа 9 элементті инфрадыбысты станцияның іске қосылуы жаһандық ғылымдағы зор жетістік болды. Станция дәлдігі аса жоғары, ең соңғы қондырғылармен, атап айтқанда, микробарометрлермен, дигитайзерлермен, радиомодемдік деректерді беру жүйелерімен жабдықталған.

2017 жылы Чили астанасы Сантьягода дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошы Нұрзат Сәлімбаев 60 килограмға дейінгі салмақ санатында күміс жүлдегер атанды. Әлемдік додаға 64 елдің 428 спортшысы қатысты.

2017 жылы Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылында 1907 жылы салынған мектеп қалпына келтірілді. ХХ ғасырдың басында бұл мектепте Әбдікерім болыстың арнайы шақыруымен алаш ардақтысы, қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров, көрнекті жазушы Оралхан Бөкей сабақ бергені белгілі. Осындай тағылымды тарихы бар қара шаңырақ Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында қараусыз қалып, быт-шыты шығып, бұзылып, тек іргетасының орны ғана қалып еді. Катонқарағайлық азаматтар мектептің ашылғанына 100, мектепті өз қаржысына салғызған Әбдікерім Ережеповтің туғанына 150, Алаш Орда үкіметінің құрылуының 100 жылдығына орай тарихи ғимаратты қалпына келтіруді жөн деп ұйғарды. Бұдан тыс, 30-жылдары НКВД орналасқан ағаштан соғылған көне мектептің қабырғаларында атуға үкім етілгендердің аты-жөні күні бүгінге дейін сақтаулы.

2018 жылы Маңғыстау облысында Құрық порты салтанатты түрде ашылды. Құрық порты халықаралық көлік дәлізіне қосылды. Порт айдынына теміржол мен автожол магистральдары келіп кіреді. Теміржол паромы мен автокөлік кешені жылына 7 миллион тоннадан астам жүкті қабылдап, өткізеді. Порттың кедендік қызметі мен қызмет көрсету инфрақұрылымы көлік құралдарын 30-40 минутта өңдей алады. Құрық портындағы маңызды нысандар терминалдық-қоймалық инфрақұрылымды дамытады.

2018 жылы Астанада 5 дүркін әлем чемпионы, 4 дүркін Еуропа чемпионы атанған, аты аңызға айналған ауыр атлет Анатолий Храпатыйдың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.

2018 жылы ТМД Туризм кеңесінің төрағалығы Қазақстан Республикасына ауысты. Бір жыл бойы Қазақстан төрағалық еткен Кеңес ТМД елдерінің туризм саласын дамыту үшін жақсы мүмкіндіктер есігін ашты.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай