Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 354.12
EUR 416.73
RUB 5.37
CNY 51.65

«100 жаңа есімге» енген Саида Қалықова: Нотаны көзбен емес, жүрекпен жаттадым

2018 жылдың 11 сәуір 2018 09:27 2781

АСТАНА. ҚазАқпарат - Егер адамның өмірге деген құштарлығын өлшейтін құрал болса, сөз жоқ, музыкант Саида Қалықованың күш-жігерін, қажыр-қайратын, күрескерлік мінезін ең жоғары шкаламен бағалауға болатын еді. Саида тоғыз жасында ауыр дертті жеңіп, көру қабілетінен айырылса да, «Музыкант боламын» деген арманынан тайған жоқ. Мектепті үздік бітірді. Италияда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келді. Музыка академигі атанды. Өзі жазған шығармалары да аз емес.  ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Саида Қалықова 100-ден астам композицияны қалайша ұмытпайтынын, Италия мен Қазақстанның классикалық музыкаға қатысты көзқарастың айырмашылығын, өзі жазған шығармалардың тарихын айтып берді. Ерекше талант иесі былтырғы кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевтың энергетикасын қалай сезгенін де әңгімеледі. Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасына енген оның Еуропада жүргенде итальяндықтарға орыс емес, қазақ екенін дәлдеген кездері де көп болған екен.

Саида бала кезінен өте зерек қыз болып өсті. Алған бетінен таймайтын мінезі де бірден байқалды. Ал музыкаға деген құштарлығы зор болғаны соншалықты, алты жасында ата-анасына ештеңе айтпастан, өз бетімен музыка педагогына жазылған екен. Содан нотаны жылдам меңгеріп, фортепианоға ден қойыпты. Саида бала болса да, уақытты тиімді пайдалану қажеттігін жақсы түсінді.

«Әлі есімде, 1-2 сыныптарда оқып жүргенде сабақтар кешке дейін болатын. Ал 3-сыныпта түстен кейін оқыдық. Сонда түске дейін уақыт бос. Соны тиімді пайдаланамын деп, музыка мектебіне жазылдым. Сол кезде сабақтар ерте басталатын. Таңғы сағат 7-ден 10-ға дейін сольфеджио, фортепиано сабақтары болды. Ал 10-нан кейін өз мектебімізде би, тоқу және тағы басқа үйірмелер өтетін. Мен тоқуға да бардым. Әйтеуір, әрбір минутты пайдалануға тырыстық», - дейді С.Қалықова.

Өнерге енді ғана құлаш ұрып, қанат қаққан кішкентай қыздың жолында үлкен сынақ тұрды. Бір жыл өтпей, ауыр дерттің салдарынан қос жанары көруден қалды. 9 жасар баланың арман-қиялы жермен жексен болды. Алайда Саида мойымады, тағдырдың тәлкегіне түссе де, қиялдың кемесімен жаңа мақсаттарға ұмтылды, өнердің тұңғиығына сүңгіді. Нотаны көзбен емес, жүрегімен жаттады. Ал 15 жасында алғашқы шығармасын жазды. Автор «Жаңбырдан кейін» атты композиция арқылы жаңбырдан кейінгі табиғаттың ғажайып көрінісін шебер жеткізе білді.

Саида мектепті ғана емес, музыкалық колледжді де үздік бітірді. Ұлттық өнер университетіне түскенде 120 ұпайдан 112-сін жинаған екен. Сөйтіп, өз тобында екінші көрсеткішке ие болды. Ал университеттен кейін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Италияның Луиджи Керубини атындағы консерваторияда білім алды.

Флоренцияда оқып жүргенде Саида «Клементони» атты композицияны да өзі жазды. Аталған шығарма ерлі-зайыпты Клементина мен Энтониге арналды. «Анам екеуіміз ол кісілердің үйінде тұрдық. Олардың үйі - үлкен сарай, екі подъезді бар, төрт қабатты. Соның бір қабатында біз орналастық. Олар бізге ақы жағынан жеңілдік берді. Сосын анам ауырып қалғанда жеміс-жидек, дәрі және тағысын тағыларды алып келгендері, бізге үлкен көмек көрсеткендері әлі есімде. Сорпасына дейін пісіріп беретін. Олар бай болса да, өте кішіпейіл адамдар. Оларды бүкіл қала тұрғындары біледі екен. Клементина мені консерваторияға әкелгенде бәр тік тұрып «Біздің қызымызды Бартолинидің өзі алып келді!» деп таңғалады. Сөйтсек, Клементина бүкіл Флоренцияға танымал сәулетшілер әулетінің өкілі екен. Біз Италиядан кетіп бара жатқанда қимай-қимай қоштастық. Бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық. Маған сыйлық алып берді. Мен де оларға өз сыйымды жасап, жаңа шығармамды арнадым. Біз өзара ақылдасып, оның атауын «Клементони» деп қойдық. Бұл - екі есімнің (Клементина + Энтони) қосындысы», - дейді С.Қалықова.

Саида анасы екеуі Клементина мен Энтониге апта сайын хабарласып тұрады. Олар да онлайн байланысқа жиі шығып отырады. «Сонда айтатындары, бұрын біз тұрғанда жоғары қабаттан жылы энергетика келіп тұратыны сезілген екен.  Өйткені мен ылғи фортепианода ойнаймын. Олар келіп тыңдайды. «Қазір олай емес, бір нәрсе жетіспей тұрған сияқты» дейді. Осылайша, Флоренцияның танымал сәулетшілер әулетімен де туыс секілді араластық», - деп еске алады Саида.

Италияның консерваториясын да Саида үздік бітірді. Бетховен мен Дебюсси бойынша екі бірдей ғылыми жұмысты итальян тілінде қорғап, магистратураны «Laude» белгісімен тәмамдады. Соңғы емтиханда бірінші болып, екі бірдей концерт - жеке бағдарламасын және оркестрдің сүймелдеуімен бөлек бағдарламаны  орындады. Сөйтіп, музыка академигі дәрежесін алып шықты.

Саиданың айтуынша, Қазақстанда, көп жағдайда, Моцарт пен Бетховенді жиі орындайды. Алайда Еуропада Моцарттың кейбір шығармаларын тек оқыту үшін пайдаланады екен. Себебі танымал музыкант оның бәрін мектепте оқитын шәкірттер үшін жазған.

«Олардың көзқарастары мүлдем бөлек. «Моцарттың концерттері балаларға арналған» деген түсінік бар. Ондай шығармалар балалардың ой-қиялын дамытады дейді. Мен өзім Италияға барып, көптеген жаңа туындыларды үйрендім. Бұдан бөлек, концерттерге гүл апармайды екен. Сосын ол жақта музыканы саяси режиммен қатты байланыстырып жатады. Маған айтады: «Сталин кезінде Шестакович көңілді музыканы қалай жазды? Олай болуы мүмкін емес» деп. Сосын маған ылғи орыс деп айтады. Ол жақта бұрынғы кеңестер территориясынан келген адамдардың бәрін орыс деп ойлайды екен. Мен оларға үнемі «орыс емеспін» деп дәлелдеумен болдым. Ақырында менің арқамда олар Қазақстанды әбден жаттап алды. Сөйтсем, мен консерваторияға түскен бірінші қазақ болып шықтым», - деп атап көрсетті С.Қалықова.

Осы уақытқа дейін Саида Қазақстанда ғана емес, Ресей мен Италияда ондаған коцерт өткізді. Халықаралық байқауларға қатысты. Қайырымдылық шараларына да жиі атсалысып отырады. Музыкант өз репертуарын үнемі жаңартып отыруға тырысады. Сирек кездесетін шығармаларды іздейді. Оның өзгеге ұқсамайтын концерттік бағдарламасын тыңдармандар да жиі байқап жүр. «Менің достарым да кейбір шығармаларды танымай жатады. Мысалы, Шопеннің Джон Фильд есімді рухани ұстазы болған. Оның фортепиано мен оркестрге арналған жеті концерті бар. Оны көп адамдар біле бермейді. Маған осы кісінің шығармалары қатты ұнады. Бірақ ноталарын таба алмай, ұзақ жүрдік. Мәскеуден де, Австриядан да іздедік. Әзер таптық. Соның бір концертін былтыр ойнадым. Бәріне қатты ұнады», - дейді С.Қалықова.

Ал «100 жаңа есім» жобасы аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенде Саида итальяндық отбасыға арнап жазған «Клементони» атты шығарамасын орындап берді. Сол кезде музыкант Елбасының энергетикасын да сезгенін айтады. «Елбасы кездесуге шаршап келді. Рас, мен оны бірден сездім. Бірақ, кездесу ол кісіге жақсы әсер етті,  көңіл-күйі жадырап сала берді», - дейді С.Қалықова.

Саиданың санасында 100-ден астам шығарма сайрап тұр. Бәрін еш мүлтіксіз жаттап алған. Жас әрі талантты музыкант аталған шығармалардың барлығын мүдірмей орындай алады. Соның ішінде өзі жазып шыққан 20-ға жуық композиция да бар. «Мен музыка мектебінде оқығанда зағип жандарды фортепианоға үйрететін нақты бір жүйе болған жоқ еді. Мұғалім де қалай оқимыз, қалай үйренеміз деп, дал болды. Сосын екеуіміз отырып, жаңа әдістемені ойлап таптық. Ол әуелі ойнайды, сосын мен қайталаймын. Осылайша, барлық туындыларымды жаттап алдым. Ал Италияда оқығанда мұғалім маған диктофонға жазып береді. Мен үйде отырып, бір сағаттық шығармаларды жаттайтынмын. Әрине, анама мың да бір алғыс. Ол мені ұдайы қолдап, маған үнемі көмектесіп отырады», - дейді музыкант.

Саида өзінің анасы - Любовь Кенжегерееваға арнап бір композицияны жазған екен. «Ой толғау» деп аталатын шығарма музыканттың Анаға деген шексіз алғысы мен махаббаттық сезімі болса керек.

 

 

Бүгінде Саида Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясында еңбек етіп жүр. Мәдениет саласына қосқан үлесі үшін «Жан шуақ» сыйлығымен марапатталды. «100 жаңа есім» жобасына енді. Алға қойған мақсаттары да аз емес. «Әрине, көз жанарым қайтадан көрсе екен деймін. Бұл - менің ең үлкен арманым. Сосын Корнеги-холл, Альберт-холл сияқты әлемнің үлкен-үлкен залдарында жеке концерттерімді өткізуді армандаймын», - дейді Саида Қалықова.


Видео: Ильзат Сафаргалиев

 

 

 

Жоғары қарай