Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 386.80
EUR 429.27
RUB 5.78
CNY 54.89

10 тамыз: Туған күн иелері

2019 жылдың 10 тамыз 2019 08:08 84

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 10 тамызға арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

ЕСІМДЕР



174 жыл бұрын (1845-1904) ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫ дүниеге келді.

Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Ол ауылдағы Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесіне оқуға барған. Мұнда араб, парсы тілдерін үйреніп, дін сабақтарын оқумен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули, т.б. шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Медресенің үшінші жылында Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, 3 ай оқиды.

Сол кезден бастап А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский, М.Е.Салтыков-Щедрин шығармаларын оқып, Гете, Дж. Байрон мұраларына ден қояды. 13 жасында әке ықпалымен оқудан қол үзіп, әкімшілік билікке араласады. Отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өседі. 1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жоралғыларын, әдеп-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданған.

Оның көптеген шығармаларында Адам, Болмыс және Ғалам тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады. Ол терең ғибратты ой-толғамдарға толы өлеңдермен қатар жастық ауан, ғашықтық сезімді, табиғат көріністерін, адамның жан дүниесін көркем тіл, бейнелі теңеу, психологиялық шендестіру арқылы шеберлікпен, төгілте жырлаған ақын. Ол дәстүрлі қазақ поэзиясына құрылымдық, стильдік және көркемдік тұрғыдан сонылық алып келді. Әсіресе, оның ғақлиялары - «Қара сөздеріндегі» көркемдік шеберлік пен ғылыми пайымдарды астастырған философиялық ой-толғамдары жалпы адамзаттық гуманистік-әлеуметтік мұраттарға ұласып жатады. Абай - қазақтың музыкалық өнеріне де мол мұра қалдырған тұлға. «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», т.б. әндері арқылы ұлттық әуен-сазға жаңа түр, тың ырғақ, өзгеше өлшем қосты.

Абайдың мазмұны терең, көркемдігі жоғары өлеңдері мен поэмалары («Масғұт», «Ескендір», «Әзім»), қара сөздері мен аудармалары сан рет жарық көріп, қазақ еліне тарады, көптеген шетел тілдеріне аударылды.

Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше. Абай атында қала, аудан, Семей, Қарқаралы қалаларында, Жидебайда әдеби-мемориалдық мұражайлар бар. Нұр-Сұлтанда, Алматыда және тағы басқа да қалаларда театрларға, көшелерге ақын аты беріліп, ескерткіштер орнатылған. Абай атындағы шың, асу бар. Сонымен қатар Абай қоры жұмыс істейді. Фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы М.Әуезовтің бас кітабы - «Абай жолы» ұлы ақынға арналған. Бұл эпопея дүниежүзі халықтарының 116 тіліне аударылған.

145 жыл бұрын (1874-1933) алғашқы қазақ журналистерінің бірі, ақын, қоғам қайраткері Елеусіз БҰЙРИН дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туған. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан мектебінде оқыған. Қазан қаласындағы мұғалімдер семинариясын бітірген. Астрахан қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Осында жүріп түрлі қоғамдық-саяси өмірдің қыр-сырына бойлайды, алғашқы қаламгерлік қабілетін сынап байқайды. Елді мәдениетке, өркениетке жеткізуге шақыратын көшбасшы құрал - баспасөз екеніндігін аңғарып, жаңа сипаттағы газет шығаруға бел байлайды. Бұл мақсатын іске асыру үшін қазақ зиялылары - Ш.Бөкеев, Ғ.Қарашев, Б.Қаратаев, М.Шомбалов, С.Меңдешовтермен бірігіп, 1911 жылы Ордада «Қазақстан» деген газет шығарады. 1911-1913 жылдары осы газеттің редакторы болды. Е.Бұйрин 1920-1930 жылдары туған жерінде әр түрлі қызметтер атқарған. 1930-1932 жылдары Алматы қаласындағы Орталық мұражайда ғылыми қызметкер болды. 1932 жылы елде саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқыны басталып, қазақ зиялылары ұстала бастаған соң, ол Тәжік АКСР-іне, Душанбе қаласына қоныс аударып, Тәжік АКСР-нің Орталық мұрағат басқармасында инспектор болып қызмет атқарды. Алайда Е.Бұйрин НКВД-нің құрығынан құтыла алмады. 1933 жылы қызметінен қуылып, көп ұзамай аштықтан қайтыс болды.

Е.Бұйриннің артында қалған әдеби мұрасы - өзі шығарып тұрған «Қазақстан» газетіндегі мақалалары мен көсемсөздері және «Ызың» атты өлеңдер жинағы. Ақын жинаққа «Әу, қазақ!», «Азаматқа» деген екі өлеңі мен аудармасына қоса «Қазақстан» газетінде жарияланған М.Жұмабаев, А.Мәметов, Ғ.Малдыбаев, И.Исин, тағы басқа ақындардың өлеңдерін топтастырып берген. 1998 жылы Орал қаласындағы бұрынғы баспа үйінде Бұйринге арнап ескерткіш-тақта қойылды.



71 жыл бұрын (1948) композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық өнер академиясының корреспондент мүшесі, бірнеше дүркін Бүкілодақтық және Дүниежүзілік фестивальдар мен байқаулардың лауреаты Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген. «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшесі. Ол халық әндері мен белгілі композиторлар туындыларын эстрадаға лайықтап өңдеумен қатар, өзі де музыка жазумен айналысады. Оның Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы бойынша жазылған симфониясы, спектакльдер мен фильмдерге жазған музыкасы, скрипка, жеке домбыраға, дуэт, трио, квартетке арналған күрделі шығармалары бар. Композитордың «Жігіттер жыры», «Бойжеткен», «Ғашықтар әні», «Жар жүрегі», «Сұлулық», «Наурыз», «Құрбым-ай», «Ғашық жүрек», «Болашақ» әндері халыққа кеңінен танымал. Медальдармен марапатталған.



62 жыл бұрын (1957) Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Оспанұлы БАЛЫҚБАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) математика мамандығы бойынша бітірді. 1985 жылы Мәскеу мемлекеттік университеті механика-математика факультетінің аспирантурасын бітіріп, осы университетте физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 2003 жылы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Жоғары оқу орындары студенттер құрамын қалыптастырудың ақпараттық үлгісіннің теоретикалық-методологиялық негіздері» тақырыбында диссертация қорғады.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент, доцент және деканның орынбасары болып жұмыс істеді, Республикалық тест орталығы директорының орынбасары, Республикалық білімдегі жаңа технологиялар орталығының зертхана меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің сектор меңгерушісі, Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығы жобаларының бас менеджері және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды.

2003 жылы Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығының директоры, 2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында қадағалау мен аттестаттау комитетінің төрағасы қызметтеріне тағайындалды. 2008-2011 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті болып істеді. 2011 жылдың ақпан-мамыр айларында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты ректорының міндетін атқарды. 2011 жылдың мамыр айынан - Қазақ технология және бизнес университетініің ректоры. 2013 жылғы қаңтардан Халықаралық бизнес академиясының ректоры болды. 2013 - 2016 жылдары ҚР Білім және ғылым вице-министрі болып қызмет атқарды. Қазіргі қызметінде 2017 жылдың маусымынан.

130-дан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде монографиялар, оқу және әдістемелік құралдардың авторы. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, мерейтойлық медальдарымен, «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Ы.Алтынсарин» ерекше белгілерімен марапатталған, Кәсіптік білімді қолдау қорының (РФ) Небольсин атындағы сыйлығының лауреаты.



57 жыл бұрын (1962) актриса, «Шәкен жұлдыздары» Алматы халықаралық кинофестивалінің бас директоры - «Шәкен жұлдыздары» продюсерлік орталығы» ЖШС бас директоры Венера Әбдірахманқызы НЫҒМАТУЛИНА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Ташкент мемлекеттік театр-көркемсурет институтының режиссерлік факультетін бітірген. 2002 жылдан қазіргі қызметінде.

Ш.Бейсембаевтың «Сотқар балалар», Б.Шмановтың «Ағамның қалыңдығы», Д.Манабаевтың «Туған жер», В.Пұсырмановтың «,Қош бол, сұлуым», М.Үбікеевтің «Провинциялық роман» («Қырғызфильм»), Э.Ишмұхамедовтің «Қысқы тұман кезінде» («Тәжікфилом»), С.Нарымбетовтің «Ауылдан келген күйеу» фильмдеріне, «Тоғысқан тағдырлар» телесериалына және басқа да картиналарға түскен. «Программа 24», «Қазақстан кинематографистерінің шығармашылық портреті», «Мен сіздерге жазамын...» телевизиялық бағдарламаларының продюсері, сценарий авторы, жүргізушісі, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» көркем фильмінің («Қазақфильм») продюсері, «Қуанышты сезіну» деректі фильмінің сценарий авторы және режиссері.

«Құрмет» (2008) орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медалімен марапатталған.



44 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатаның депутаты Айгүл Жарылқасынқызы ҚАПБАРОВА дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолы: телевидениеде қызмет атқарған (1997); «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі; «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газетттерінің басшысы; «Шымкент» Ақпараттық орталығы» ЖШС директоры – бас редакторы.

2019 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.



43 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, қоғам қайраткері, тележүргізуші, актриса, продюсер, «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан САИН дүниеге келген.

Қызылорда қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің география факультетін бітірген.

Еңбек жолы: Хабар телеарнасындағы күнделікті «Разминка» бағдарламасының тележүргізүшісі (1993 жылдан); «Дәмді және тез», ары қарай «Жұлдызды меню» кулинарлық бағдарламаларының тележүргізушісі (1994-1999); «Еркемай» бүлдіршін ойын бағдарламасының тележүргізушісі (1994-2000); Ел Арна телеарнасындағы «Ана мектебі» танымдық бағдарламасының тележүргізушісі (2006 жылдан); «Сабырлық, тек сабырлық» ток-шоуының тележүргізушісі (2010 жылдан); «Бүлдіршіндерге Өмір сыйла» бағдарламасының жүргізушісі (2011 жылдан).

Балалар омбудсмені қызметінде 2019 жылдың шілде айынан бері.

2009 жылы «Мүгедектерге қамқорлық жасағаны үшін» аталымы бойынша «Алтын жүрек» («Золотое сердце») сыйлығына ұсынылған. «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты.



36 жыл бұрын (1983) «Хабар 24» арнасының директоры Ольга Феликсовна ГОРЕЛИК дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысында туған. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген (2004).

Еңбек жолы: «Хабар» агенттігінің тілшісі; Өскемен қаласындағы тілшісі (2012); «Хабар 24» арнасы директорының орынбасары.

Қазіргі лауазымын 2018 жылғы ақпаннан бастап атқарып келеді.



36 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасының Гонконг қаласындағы бас конкусы Төлеген Төлеуханұлы Исмаилов дүниеге келді.

Талдықорғанда туған. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін саясаттанушы-экономист мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолы: ҚР Сыртқы істер министрлігінде референт, атташе (2006-2008); ҚР Президенті протоколының сарапшысы, референт (2008-2009); ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары (2009-2011); ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы (2011-2013); ҚР Дін істері агенттігінің жауаптшы хатшысы (2013-2014); «Aglocore» тобының вице-президенті (2015); «ҚазЭкспортГарант» экспорттық-несие сақтандыру корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары – мүшесі (2015-2016); Хорватия, Черногория, Босния және Герцеговина Республикаларындағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі, уақытша сенім жүктелген өкілі, кеңесші-уәкілі.

2018 жылдың ақпан айынан бері қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен (2013), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен (2011), Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай