Weather
Astana 9 °С
Almaty 13 °С
Exchange rates
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Жаңа министр білім саласындағы жемқорлықпен қалай күреспек

18 June 2019 11:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңадан тағайындалған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзі жетекшілік ететін ведомствода сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүргізілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жемқорлықпен күрес - алдымызда тұрған ең маңызды мәселенің бірі. Біз қазіргі уақытта тиісті жобалық кеңсені ашу бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонда жемқорлықты жою бағытындағы нақты шараларды қабылдаймыз. Осы кеңседе мониторинг жасайтын топтарды құрайық деген жоспар бар. Осы топтардың мүшелігіне БАҚ өкілдерін, азаматтық қоғам мүшелерін тартамыз», - деді Асхат Аймағамбетов Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министрдің айтуына қарағанда, жемқорлықпен күрес - министрлік жұмысының басым бағыттарының бірі.

«Мен жаңа министр ретінде жемқорлықпен күрестің аса маңызды проблема екенін түсінемін. Қазіргі уақытта жемқорлықпен күрес стратегиясын қайта қарап жатырмыз. Ұстап алғаннан кейінгі әңгіме басқа. Мәселе мұнда белгілі бір құқықтық кемшіліктерге байланысты. Ол кемшіліктер көп жағдайда жемқорлыққа қатысты заңбұзушылықтарға себеп болып жатады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Асхат Аймағамбетов ант берген болатын.

Up