Weather
Astana -23 °С
Almaty 3 °С
Exchange rates
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Ақтөбеде қоқыс шығарушы компаниялар тағы шулатып жатыр

12 June 2018 12:37

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қоқыс шығаратын 10 компания өз міндетін толық орындай алмай отыр. Осыған орай қала тұрғындарының арызы көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, Ақтөбе қаласында қоқыс шығаратын «Таза қала» компаниясы банкрот болып, «Ақжол LTD» ЖШС да өз қызмет көрсетуден бас тартқан болатын. Сол кезде жергілікті әкімдік қала территориясын 10-ға бөліп, оның әрқайсысына қызмет ететін компанияны конкурстық негізде қайта қабылдады. Оларды көпшілік алдында таныстырып, байланыс телефондарын да таратты. Алайда, бұл компаниялардың қоқыс шығаратын арнайы техникасы болмай шықты. Халықтан арыз-шағымдар көбейген.

Қоқыстың уақытылы шығарылуы мен тазалықты бақылайтын Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындардың арыз-шағымы ескеріліп, қалдықтарды шығару жұмыстарымен айналысатын операторларға тексеру жүргізілді.




null«Қазіргі күні «НұрКом-2020», «Сұлтанов» ЖК және №1 және №5 басқарушы компанияларға ескерту берілді. Алдағы уақытта қоқыс шығару жұмыстары дұрыс жүргізілмесе - тағы ескерту беріледі. Кесте бойынша тазалық жұмыстары жүргізілуі тиіс. Егер өз міндетін орындай алмаса 10 рет ескерту беріліп, кейін компаниямен арадағы келісімшарт бұзылады»,- деп хабарлады баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қоқыс шығаруды өз міндетіне алған басқарушы компаниялар көліктің аз екенін мойындап отыр. №1 басқарушы компанияның басшысы Талғат Қибаштың айтуынша, арнайы көлік бұзылып, аумаққа бекітілген 4 көлік тұрмыстық қалдықты жинап үлгере алмай жатыр. Ал №5 басқару компаниясы диван, кресло, құрылыс материалдарын шығару үшін арнайы техника қажет екенін жеткізді.

Up